Негізгі тұжырымдамалар
Рагпул – әзірлеушілер жобадан бас тартып, инвесторлардың қаражатын алып кететін және жобаны құнсыз немесе белсенді емес күйде қалдыратын криптоалаяқтықтың бір түрі.
Мұндай жағдайлар көбінесе өтімділік пулдарын босатумен, смарт-келісімшарттардағы осал тұстарды пайдаланумен немесе жобадан толықтай бас тартумен байланысты болады.
Жиі кездесетін ескерту белгілеріне аудиттен өтпеген код, анонимді командалар, шектен тыс уәделер және оңай алынатын өтімділік жатады.
Рагпул – бұл кез келген криптожобаға ақша салмас бұрын өз бетіңізше зерттеу жүргізіп, сақтық таныту қажет екенін еске салатын маңызды белгі.
Кіріспе
Егер сіз криптовалюта нарығында біраз уақыт болсаңыз, мынадай сценарийді көрген боларсыз: жаңа токен іске қосылады, қызығушылық артады, баға күрт өседі де, кенеттен бәрі құлайды. Веб-сайт өшіріледі, әлеуметтік желілер үнсіз қалады, ал инвесторлар не болғанын түсінбей қалады.
Бұл шығып кету түріндегі алаяқтық «рагпул» деп аталады және крипто саласында миллиондаған шығынға әкелді. Рагпулдың қалай жұмыс істейтінін және одан қалай сақтануға болатынын толығырақ қарастырайық.
Рагпул дегеніміз не?
Криптосаладағы рагпул – бұл криптовалюта жобасының авторлары өтімділікті кенеттен алып немесе жобадан бас тартып, инвесторларды құнсыз токендермен қалдыратын алаяқтық түрі. Бұл ортақ кешкі асқа шақырып, алдын ала есептесуді сұрау, бірақ тағам әкелінбей асты ұйымдастырушының ғайып болып кетуімен бірдей.
Рагпул дәстүрлі pump-and-dump схемаларына ұқсас, бірақ жиі смарт-келісімшарттарды манипуляциялау немесе өтімділік пулдарын босату сияқты күрделі әдістерді қолданады. Мұндай алаяқтықтар 2020 жылғы орталықтандырылмаған қаржы қызметтері (DeFi) секторының қарқынды дамуы кезінде кең тарай бастады, себебі орталықтандырылмаған биржада (DEX) токен шығару жылдам, оңай және іс жүзінде реттелмеген процесс болды. Бақылау тетіктері өте әлсіз болғандықтан, алаяқтар жүйені оңай пайдаланып, бейқам инвесторларды алдап кетуге мүмкіндік алды.
Рагпул қалай жұмыс істейді?
Рагпул бірнеше жолмен жүзеге асырылуы мүмкін. Олар техникалық (зиянды смарт-келісімшарт коды арқылы) болуы мүмкін немесе техникалық емес жолмен (әлеуметтік манипуляция немесе орталықтандырылған бақылау арқылы) жүзеге асады. Кейбір жағдайларда бұл екеуінің комбинациясы қолданылады.
1. Өтімділік пулын шығару
Uniswap немесе PancakeSwap сияқты орталықтандырылмаған биржаларда пайдаланушылар токендерді саудалай алуы үшін өтімділік пулдары қажет. Бұл пулдар пайдаланушыларға делдалдарға жүгінбей-ақ токендерді тікелей своптауға мүмкіндік береді.
Рагпул көбінесе былай орындалады:
Команда жаңа токен шығарып, оны әдетте ETH немесе USDT сияқты басқа токенмен жұптастырып, өтімділік пулына қосады.
Алғашқы сатып алушылар белсенді кірісіп, токен бағасы өсе бастайды, ал пул көлемі артады.
Көбірек адам сатып ала бастағанда, пулда құнды криптовалютаның елеулі көлемі жинақталады.
Содан кейін әзірлеушілер ешбір ескерту жасамастан бастапқыда қосқан өтімділіктің барлығын (немесе көп бөлігін) алып тастайды.
Пулында ештеңе қалмағандықтан, нарық құлдырап, токен бағасы нөлге дейін төмендейді.
Рагпулдың бұл түрі ең жиі кездеседі және токен іске қосылғаннан кейін бірнеше сағат немесе күн ішінде орын алуы мүмкін.
2. Смарт-келісімшартты манипуляциялау
Кейбір жағдайларда рагпул бастапқы кезеңнен-ақ жоспарланады. Кенеттен жобадан шығудың орнына, алаяқтық әрекет жобаның кодының өзіне әуел бастан енгізіледі. Әзірлеушілер смарт-келісімшартқа өздеріне мына әрекеттерді жасауға мүмкіндік беретін функцияларды қосуы мүмкін:
Шектеусіз токен шығаруға мүмкіндік беріп, ұсынысты шамадан тыс көбейтеді және бағаның күрт құлауына себеп болады.
Honeypot келісімшарттары арқылы пайдаланушыларға өз токендерін сатуға тыйым салады. Мұндай смарт-келісімшарттар токенді сатып алуға рұқсат береді, бірақ сатуға тосқауыл қояды. Соның салдарынан токендер құнсызданады.
Пайдаланушылардың рұқсатынсыз олардың әмиянынан токендерді тікелей аударып жібереді.
Мұндай алаяқтықтарды тиісті код аудитінсіз анықтау өте қиын. Тіпті бұдан да сорақысы, кейбір honeypot токендер қауіпсіз етіп көрсету мақсатында «тексерілген» статусын алады. Алайда көптеген жағдайда зиянды код күрделі логикаға жасырылады немесе ол тек жеткілікті инвестор тартылғаннан кейін ғана іске қосылады.
3. Әлеуметтік рагпул
Әрбір рагпул күрделі кодпен байланысты бола бермейді. Кейбіреуі сенімге негізделеді және дәл осы қасиет оларды өте тиімді етеді. Мұндай алаяқтықтар көбінесе криптожобаның әлеуметтік желі арқылы қызығушылық туғызып, қауымдастық қорын жинауынан және танымал тұлғалардың қолдауынан басталады. Барлығы заңды көрінеді: токен немесе өзара алмастырылмайтын токен (NFT) іске қосылып, инвесторларды қызықтырады.
Алайда жеткілікті адам инвестиция салған соң, команда із-түссіз жоғалады. Жобаның әлеуметтік желідегі парақшалары мен веб-сайты қаржымен бірге жоқ болады. Егер жоба авторлары токен ұсынысын толық бақылауда ұстаса, мұндай рагпул әлсіз іске қосу панельдерінде немесе орталықтандырылған платформаларда да орын алуы мүмкін. Ақырында, бұл әлеуметтік манипуляция мен бос уәделердің нәтижесі болып шығады.
Ықтимал рагпулды қалай анықтауға болады
Мұндай сипаттарға ие әрбір жоба алаяқтық бола бермейді, бірақ осы белгілердің бірнешеуін байқасаңыз, қауіп дабылын соғатын сәт келгені. Назар аударуға тиіс негізгі белгілер мыналар:
Анонимді командалар
Анонимділік криптовалюта мәдениетінің бір бөлігі болғанымен, әзірлеушілері мен негізін қалаушылары туралы ашық ақпарат жоқ жобалар үшін жауапкершілік талап ету қиынға соғады. Бұл жағдай алаяқтарға инвесторлардың қаражатын алып, ғайып болуды жеңілдетеді.
Смарт-келісімшарт аудиті жоқ
Смарт-келісімшартты аудиттен өткізу немесе ресми түрде тексеру код іске қосылмай тұрып қателерді, осал тұстарды және күтпеген әрекеттерді анықтауға көмектеседі. Танымал әрі сенімді қауіпсіздік компаниясы аудит жүргізбесе, шектеусіз токен шығару немесе әзірлеушілерге келісімшартты толық басқаруға мүмкіндік беретін функциялар сияқты жасырын тәуекелдер сақталып қалуы ықтимал. Күмәнді немесе белгісіз қауіпсіздік компаниялары жүргізген аудитке сақтықпен қараңыз.
Бұғатталмаған өтімділік
Егер жоба өз өтімділігін бұғаттамаса немесе команда токендеріне арналған нақты вестинг кестесі болмаса, қаражатты кез келген сәтте алып кету немесе нарыққа бірден тастау тәуекелі жоғары болады.
Сенімді жобалар әдетте өтімділікті бұғаттап, команда мүшелері үшін бір жылдан төрт жылға дейін созылатын вестинг кезеңін енгізеді. Бұл толық кепілдік бермесе де, сенімді арттырады және команданың жобаның ұзақ мерзімді табысына бейілді екенін көрсетеді.
Шынайы емес уәделер
Өте жоғары кіріс немесе кепілді пайда уәде ететін жобаларға сақтықпен қараңыз. Егер жоба танымал инвесторлар, компаниялар немесе инфлюенсерлер тарапынан қолдау бар деп мәлімдесе, мұндай уәделер шынайы серіктестік немесе ресми жарияланымдар сияқты нақты дәлелдермен расталуы тиіс.
Өзіңізді қалай қорғауға болады
Әрбір рагпулдан толық қорғанудың кепілді жолы жоқ, алайда тәуекелді азайту үшін қолдануға болатын бірқатар амалдар бар:
Өз бетіңізше зерттеу жүргізіңіз (DYOR)
Айдарларға, хайпқа немесе инфлюенсерлер жарнамасына ғана сенбей, жобаны өзіңіз жеке зерттеңіз. Жобаның мақсаттарын, технологиясын және токеномикасын түсіну үшін ақ қағазын оқып шығудан бастаған жөн. Сондай-ақ Block Explorer құралдарын, мысалы, Etherscan немесе SolScan-ды пайдалану арқылы токендердің таралуын тексеруге, смарт-келісімшарт иесінің басқарудан бас тартқанын көруге және транзакциялар тарихынан күмәнді әрекеттерді байқауға болады.
Өтімділіктің бұғатталуын тексеріңіз
Жобаның өтімділігін бұғаттаған-бұғаттамағанын және оның ұзақтығын анықтаңыз. Көптеген заңды жобалар өтімділікті бұғаттауды басқару үшін үшінші тарап қызметтерін пайдаланады, бұл инвесторлар үшін процесті ашық әрі тексеруге ыңғайлы етеді.
Аудиттің бар-жоғын тексеріңіз
Аудит есебінің ашық жарияланғанын және өзекті екенін тексеріңіз, өйткені ескі есептер кодқа енгізілген соңғы өзгерістерді қамтымауы мүмкін. Аудит толық қауіпсіздікке кепілдік бермесе де, жиі кездесетін қателерді, осал тұстарды және ықтимал зиянды кодты анықтауға көмектеседі.
Сенімді платформаларды таңдаңыз
Жаңа токендер мен өзара алмастырылмайтын токендер (NFT) жобаларын зерттегенде, бұрыннан қалыптасқан беделі бар және қатаң тексеру жүйесі енгізілген платформаларды таңдаңыз. Binance Launchpool сияқты сенімді платформалар жобаны тізімге қоспас бұрын командаға қатысты жан-жақты тексеру жүргізіп, қатаң бағалау критерийлерін қолданады. Бұл алаяқтық сипаттағы немесе дұрыс басқарылмаған жобаларға тап болу ықтималдығын едәуір төмендетеді.
Қорытынды ойлар
Рагпул – бұл криптовалюта саласының алаңдататын бөлігі әсіресе күн сайын жаңа жобалар іске қосылатын орталықтандырылмаған қаржы қызметтері (DeFi) сияқты жылдам дамып жатқан секторларда жиі кездеседі. Көптеген командалар адал ниетпен жұмыс істеп жатса да, реттеудің және бақылаудың жеткіліксіздігі алаяқтарға бейқам пайдаланушыларды алдап кетуге мүмкіндік береді.
Құралдардың, аудиттердің және оқыту ресурстарының қолжетімділігі артқан сайын ықтимал алаяқтықтарды анықтау жеңілдей түсуде. Алайда кез келген жаңа жобаға мұқият зерттеу жасап, сын көзбен қарау әлі де болса өте маңызды.
Қосымша оқитын материалдар
Жауапкершіліктен бас тарту туралы мәлімдеме: Бұл контент сізге «сол қалпында» тек жалпы ақпарат және білім беру мақсаттарына, ешқандай мәлімдемесіз немесе кепілдіксіз ұсынылады. Ол қаржылық, құқықтық немесе басқа кәсіби кеңес ретінде қабылданбауы керек, сондай-ақ қандай да бір нақты өнімді немесе қызметті сатып алуды ұсынуға арналмаған. Кеңесті тиісті кәсіби кеңесшілерден алуыңыз керек. Осы мақалада берілген өнімдер аймағыңызда қолжетімді болмауы мүмкін. Мақаланы үшінші тарап қатысушысы жазған жағдайда, айтылған пікірлер үшінші тарап қатысушысына тиесілі екенін және Binance Academy пікірін білдірмейтінін ескеріңіз. Қосымша мәліметтер алу үшін біздің жауапкершіліктен бас тарту туралы мәлімдемеміздің толық мәтінін оқыңыз. Цифрлық активтердің бағасы тұрақсыз болуы мүмкін. Инвестицияңыздың құны төмендеуі немесе жоғарылауы мүмкін және инвестицияланған соманы қайтара алмауыңыз мүмкін. Инвестициялық шешімдеріңізге тек сіз жауаптысыз және Binance Academy сізде туындауы мүмкін шығындар үшін жауап бермейді. Бұл материал қаржылық, құқықтық немесе басқа кәсіби кеңес ретінде қабылданбауы керек. Қосымша ақпарат алу үшін Пайдалану шарттары мен Тәуекел туралы ескертуді қараңыз.