Ethereum желісінде газ алымы қалай жұмыс істейді?

Ethereum желісінде газ алымы қалай жұмыс істейді?

Бастаушы
Жаңартылды Jul 24, 2025
7m

Негізгі тұжырымдамалар

  • Газ алымы Ethereum секілді блокчейн желілерінде транзакциялар мен смарт-келісімшарттарды орындау үшін төленетін алым.

  • Бұл алымдар транзакцияларды растау мен смарт-келісімшарттарды орындауға жұмсалатын есептеу ресурстары үшін валидаторларға сыйақы ретінде төленеді.

  • Газ алымы көбінесе блокчейннің ішкі токенінде төленеді. Ethereum желісінде газ алымы әдетте эфирдің (ETH) кіші бірлігі gwei түрінде есептеледі.

  • Транзакцияның жалпы құны пайдаланылған газ мөлшері мен пайдаланушы орнатқан газ бағасына байланысты. Сол себепті, газ алымы желі жүктемесі мен сұранысына қарай айтарлықтай өзгеруі мүмкін.

Кіріспе

Егер сіз Ethereum немесе BNB Chain желісінде криптовалюта жіберіп көрген немесе орталықтандырылмаған қолданбаны (DApp) пайдаланған болсаңыз, газ алымымен бетпе-бет келген боларсыз. Бұл алымдар блокчейн желілерінің жұмыс істеуінің негізі болып табылады. Олар желінің тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ететін «отын» іспеттес.

Газ алымының баға тетігін Ethereum енгізді, және газ термині Ethereum транзакциялары мен смарт-келісімшарттарына қатысты жиі қолданылады. 

Бұл мақала Ethereum-ның газ жүйесіне бағытталған, бірақ басқа блокчейндерде де пайдаланушылар транзакциялық шығындарды газ алымы деп атайтынын байқауыңыз мүмкін.

Газ алымы деген не?

Газ алымы блокчейнде операцияларды орындау үшін қажет құн. Сіз ETH немесе BNB секілді криптовалюталарды жібергенде немесе қабылдағанда, әрбір транзакцияны растау және блокчейн тізбегіне қосу үшін есептеу қуаты қажет.

Басқаша айтқанда, газ ETH-ті қарапайым жіберуден бастап күрделі смарт-келісімшарттарды орындауға дейінгі әрекеттерге қажет есептеу күшін өлшейтін баға тетігі болып табылады. Газды әрбір транзакцияны іске қосатын «энергия» ретінде елестетіңіз.

Газ алымы қалай жұмыс істейді?

Сіз транзакцияны бастағанда немесе смарт-келісімшартты орындағанда, бұл әрекет белгілі бір есептеу қадамдарын қажет етеді. Әр қадам газды пайдаланады, ал күрделірек транзакциялар көбірек газ талап етеді.

Газ алымы эфирдің (ETH) кіші бірлігі gwei түрінде төленеді. Бір ETH 1 миллиард gwei-ге тең. Газ алымын төлеу арқылы сіз валидаторларды транзакцияңызды келесі блокқа қосуға ынталандырасыз.

Газ алымын есептеу

Қарапайым тілмен айтқанда, транзакцияны жібермес бұрын сіз екі параметрді көрсетуіңіз керек:

  • Газ лимиті: Сіз төлеуге дайын газдың ең жоғары мөлшері.

  • Газ бағасы: Сіз әрбір газ бірлігіне төлеуге дайын ETH мөлшері (gwei түрінде).

Сіз төлейтін алым пайдаланылған газдың жалпы мөлшеріне (ол әрқашан газ лимитінен кем немесе соған тең болады) және газ бағасына байланысты:

Жалпы газ алымы = пайдаланылған газ × газ бағасы

Газ лимиті сіздің ETH-ті артық жұмсауыңыздың алдын алады. Егер транзакция газ лимитінен аз газ тұтынса, қалған бөлігі қайтарылады. Алайда, егер газ транзакция аяқталмай жатып таусылса, ол сәтсіз болады, бірақ валидаторлар орындалған бөлік үшін сыйақыны бәрібір алады.

Алайда, 2021 жылы енгізілген Ethereum Лондон жетілдіруінен кейін газ бағалау тетігі біраз күрделене түсті. Қазір газ алымының формуласы келесідей:

Жалпы газ алымы = пайдаланылған газ × (базалық алым + басымдық алымы)

EIP-1559

Лондон хардфоркі құрамына EIP-1559 кірді, ол газ алымының формуласын келесі элементтермен жаңартты:

  • Базалық алым: әрбір транзакция үшін қажетті ең төменгі газ мөлшері, ол жағылады (айналымнан шығарылады), бұл эфирдің жалпы ұсынысын біртіндеп азайтады.

  • Басымдық алымы (пұл): транзакцияға басымдық беру үшін валидаторларға тікелей төленетін қосымша төлем.

Бұл жетілдірудің алдында барлық газ алымы валидаторларға тікелей төленетін және пайдаланушылар қанша төлеу керектігін өздері болжауға мәжбүр болатын. Мұндай болжау көбінесе артық төлемге немесе транзакциялардың кідірісіне әкелетін. EIP-1559 енгізілгеннен кейін базалық алым желінің жүктемесіне қарай автоматты түрде реттеледі, бұл алымдардың болжамын жақсартып, шығындарды тұрақтандыруға көмектеседі.

Газ алымы неге өзгереді?

Газ алымының жалпы мөлшері екі негізгі факторға байланысты өзгереді: желі жүктемесі мен транзакцияның күрделілігі

Ethereum желісі орталықтандырылмаған және оны әлем бойынша миллиондаған пайдаланушы қолданады. Әрбір транзакция валидаторлар арқылы өңделіп, расталуы тиіс. Әрине, валидаторлар жоғары газ алымы төленетін транзакцияларды өңдеуді қалайды, өйткені олар көбірек сыйақы алады.

Сондықтан газ алымы транзакцияның қаншалықты күрделі екеніне және сұраныс пен ұсынысқа байланысты өзгеруі мүмкін:

  • Сұраныс жоғары кезеңдер: Көптеген пайдаланушылар бір уақытта транзакция жібергенде немесе танымал DApp қолданбаларымен әрекеттескенде желі шамадан тыс жүктелуі мүмкін. Бұл бәсекелестік пайдаланушылар транзакцияларын тезірек өңдету үшін жоғары басымдық алымына сұраныс бағасын ұсынатындықтан, газ бағасының өсуіне әкеледі.

  • Сұраныс төмен кезеңдер: желідегі белсенділік төмен болған кезде газ алымы азаяды, бұл транзакцияларды арзан әрі қолжетімді етеді.

Бұл динамикалық баға тетігі шектеулі желілік ресурстарды тиімді бөлуге көмектеседі, дегенмен ол қарбалас кезеңдерде транзакцияларды қымбаттатып жібереді.

Дегенмен, желі бос немесе жүктелмеген болса да, бірнеше әрекетті немесе смарт-келісімшартпен әрекеттесуді қамтитын күрделі транзакция үшін газ алымы бәрібір жоғары болады.

Газ алымының маңыздылығы неде

Газ алымы жай ғана жеңу керек кедергі емес, ол Ethereum экожүйесінде және оған ұқсас басқа блокчейндерде маңызды рөл атқарады:

  • Желінің қауіпсіздігі: Алымдар әрбір әрекетке шығын жүктеу арқылы спам мен теріс пайдалануды болдырмайды және желіні артық жүктемеден қорғайды.

  • Экономикалық ынталандыру: Валидаторлар газ алымын сыйақы ретінде алады, бұл оларды транзакцияларды өңдеуге және блокчейнді қолдауға ынталандырады.

  • Ресурстарды әділ басқару: Есептеу ресурстары үшін алымдар енгізу арқылы блокчейндер әзірлеушілерді тиімді смарт-келісімшарт жазуға және ресурстарды ысырап етуден сақтауға ынталандырады.

  • Транзакцияға басымдық беру: Пайдаланушылар желі жүктелген кезде транзакцияларын жеделдету үшін жоғары алым төлеу арқылы нарыққа негізделген басымдық беру жүйесін қолдана алады.

Газ алымын басқару бойынша кеңестер

Газ алымының қалай жұмыс істейтінін түсіну сізге шығынды азайтуға және транзакцияларды ыңғайлы етуге көмектеседі. Газ алымын тиімді басқаруға көмектесетін бірнеше практикалық кеңес:

  • Газ алымын нақты уақытта болжайтын әмияндар мен қолданбаларды таңдаңыз, бұл транзакцияны жібермей тұрып шығынды алдын ала білуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ Etherscan немесе Bscscan сияқты блокчейн браузерлерін пайдаланып, газ бағасын нақты уақытта тексеруге болады.

  • Егер асықпасаңыз, шығынды азайту үшін газ бағасын төмен қоюды қарастырыңыз, бірақ транзакцияны растау ұзақ уақыт алуы мүмкін екенін ескеріңіз.

  • Смарт-келісімшарттармен әрекеттесу сияқты күрделі транзакциялар әдетте көбірек газ талап етеді, сондықтан мұндай жағдайда жоғары алымдарға дайын болыңыз.

  • Газ алымы төмен болатын тыныш уақыттарда транзакция жасауды қарастырыңыз.

  • Газ алымын азайту және транзакция жылдамдығын арттыруға бағытталған желілік жетілдірулер мен екінші деңгейлі шешімдерден хабардар болып отырыңыз.

Қорытынды ойлар

Газ алымы – Ethereum және басқа ұқсас блокчейндердің жұмысындағы негізгі элементтердің бірі. Олар транзакцияларды өңдеп, растау үшін есептеу қуатын ұсынатындарға сыйақы беру арқылы желінің орталықтандырылмаған, қауіпсіз және тиімді болуын қамтамасыз етеді.

Газ алымы желідегі сұранысқа байланысты өзгеруі мүмкін, бірақ EIP-1559 сияқты соңғы жетілдірулер алымдарды анағұрлым тұрақты және болжамды етті. Ethereum қолданатын немесе орталықтандырылмаған қаржы қызметтеріне (DeFi), NFT немесе DApp қолданбаларына шолу жасайтын кез келген адам үшін газ алымын жақсы түсіну шығынды азайту мен транзакция тиімділігін арттыру жолы.

Қосымша оқитын материалдар

Жауапкершіліктен бас тарту туралы мәлімдеме: Бұл контент сізге «сол қалпында» тек жалпы ақпарат және білім беру мақсаттарына, ешқандай мәлімдемесіз немесе кепілдіксіз ұсынылады. Ол қаржылық, құқықтық немесе басқа кәсіби кеңес ретінде қабылданбауы керек, сондай-ақ қандай да бір нақты өнімді немесе қызметті сатып алуды ұсынуға арналмаған. Кеңесті тиісті кәсіби кеңесшілерден алуыңыз керек. Осы мақалада берілген өнімдер аймағыңызда қолжетімді болмауы мүмкін. Мақаланы үшінші тарап қатысушысы жазған жағдайда, айтылған пікірлер үшінші тарап қатысушысына тиесілі екенін және Binance Academy пікірін білдірмейтінін ескеріңіз. Қосымша мәліметтер алу үшін біздің жауапкершіліктен бас тарту туралы мәлімдемеміздің толық мәтінін оқыңыз. Цифрлық активтердің бағасы тұрақсыз болуы мүмкін. Инвестицияңыздың құны төмендеуі немесе жоғарылауы мүмкін және инвестицияланған соманы қайтара алмауыңыз мүмкін. Инвестициялық шешімдеріңізге тек сіз жауаптысыз және Binance Academy сізде туындауы мүмкін шығындар үшін жауап бермейді. Бұл материал қаржылық, құқықтық немесе басқа кәсіби кеңес ретінде қабылданбауы керек. Қосымша ақпарат алу үшін Пайдалану шарттары мен Тәуекел туралы ескертуді қараңыз.