Негізгі тұжырымдамалар
2025 жылдан бастап Ethereum Pectra жаңартуы Ethereum желісін жылдамырақ, ауқымдырақ және пайдалануға жеңіл етеді.
Негізгі өзгерістер қатарында пайдаланушыларға әртүрлі токендер арқылы газ алымын төлеуге мүмкіндік беру, смарт келісімшарттарды жылдамдату және валидаторлар үшін стейкинг сыйақыларын жақсарту бар.
Ұзақ мерзімді артықшылықтарға Ethereum платформасының дамуы мен ыңғайлылығын қолдайтын Verkle ағаштары және PeerDAS сияқты мүмкіндіктері бар жақсырақ масштабтау жүйесі мен төмен шығындар кіреді.
Ethereum Pectra жаңартуы дегеніміз не?
Ethereum Pectra – Ethereum платформасын жылдамырақ, масштабталатын және пайдалануды жеңілдетуге бағытталған жаңарту (хардфорк). 2025 жылдан бастап екі кезеңде шығару жоспарланған Ethereum Pectra соңғы жылдардағы Ethereum желісінің ең маңызды жақсартуларының біріне айналады.
Pectra – бастапқыда жеке-жеке жоспарланған екі жаңарту: Prague және Electra. Олар біркелкі болу мақсатында біріктірілді.
Неліктен Ethereum жаңартылып жатыр?
Ethereum құрылған сәттен бастап тұрақты түрде жетілдіріліп келеді, 2022 жылы «The Merge» (Ethereum Иелік дәлеліне (PoS) ауысты) және 2024 жылы «Cancun» жаңартуы сияқты көптеген маңызды жаңартулар болды.
Алайда Ethereum, әсіресе, транзакция алымдарына, масштабтауға және жаңа пайдаланушылар үшін қиын болуына байланысты әлі де қиындықтарға тап болып жатыр. Pectra жаңартуы осы мәселелерді шешуге арналған.
Pectra жаңартуының негізгі мүмкіндіктері
Pectra жаңартуымен бірге келетін ең үлкен өзгерістерді қарастырайық:
1. Шотты абстракциялау
Дәл қазір Ethereum пайдаланушыларының әмияндарында газ алымдарын төлеу үшін аз мөлшерде эфир (ETH) болуы керек. Бұл алымдар аударым жасағанда немесе орталықтандырылмаған қолданбамен (DApp) өзара әрекеттескенде төлеуге тура келетін операциялық шығындар болып табылады. Мысалы, егер біреуге токендерді жіберіп жатсаңыз немесе NFT токендерімен сауда жасасаңыз, бұл шығындарды жабу үшін ETH пайдалануыңыз керек.
Пайдаланушы тәжірибесін жақсарту үшін Pectra жаңартуы арқылы Ethereum шотты абстракциялау деп аталатын тұжырымдаманы қолданады. Шотты абстракциялау артықшылықтарының бірі – газ алымдарын төлеу үшін ETH иелік етудің қажеті жоқ. Оның орнына сіз USDC немесе DAI сияқты басқа токендермен төлей аласыз, бұл оны ыңғайлы етеді. Сонымен қатар бұл жаңарту үшінші тарап қызметтеріне сіздің газ алымдарыңызға демеушілік жасауға мүмкіндік береді, яғни кейбір жағдайларда аз немесе мүлдем төлемеуіңіз мүмкін.
2. Смарт келісімшарттың тиімділігі
EIP-7692 сияқты Ethereum жақсарту ұсыныстары (EIP) арқылы Ethereum виртуалды машинасы (EVM) тиімдірек болады әрі смарт келісімшарттың орындалуын жеделдетеді. Бұл өзгерту смарт келісімшарттарды қолдану құны мен күрделілігін төмендету есебінен әзірлеушілерге де, пайдаланушыларға да пайдалы болады.
3. Валидаторларға арналған жақсартулар
Сіз Ethereum платформасының «валидаторлар» транзакцияларды растауға және желіні қауіпсіз сақтауға көмектесетін орталықтандырылмаған жүйеде жұмыс істейтінін естіген боларсыз. Валидаторлар қатысу үшін 32 ETH бәске тігуі (құлыптауы) керек және олар қайтарым ретінде сыйақы алады. Бірақ 32-ден асатын кез келген ETH сомасы бір орында тұрады және ешқандай қосымша сыйақы әкелмейді. Бұл онша тиімді емес.
Pectra икемді стейкинг шығару процестерін (EIP-7002) енгізеді және валидаторлардың стейкинг лимитін 32-ден 2048 ETH (EIP-7251) сомасына дейін арттырады. Бұл өзгеріс, әсіресе, ETH көлемді сомасын басқаратын адамдар немесе компаниялар үшін жүйені икемді және тиімді етеді.
Сонымен қатар Pectra «валидатор консолидациясына» мүмкіндік береді, мұндайда көптеген пайдаланушылар үшін ETH бәске тігетін Lido сияқты үлкен операцияларға валидатор түйіндерін азырақ қолдану қажет болады. Бұл Ethereum желісіндегі жүктемені азайтып, оны жылдамырақ етеді және қажет ресурстарды азайтады.
4. Деректерді жақсырақ басқаруға арналған Verkle ағаштары
Pectra жаңартуымен бірге келетін техникалық жақсартулардың бірі – түйіндерге сақталатын блокчейн деректерін азайтуға мүмкіндік беретін Verkle ағаштарын енгізу. Бұл күрделі болып көрінуі мүмкін, бірақ ол деректерді сақтау және тексеру әдісін жақсарту арқылы Ethereum желісін жылдамырақ және ауқымды етуге мүмкіндік беретін жаңарту.
Басқаша айтқанда Verkle ағаштары – Ethereum қазір қолданатын жүйеге қарағанда деректерді тиімдірек ұйымдастырудың жаңа тәсілі. Олар қажетті сақтау көлемін азайтуға және транзакцияны өңдеуді жылдамдатуға көмектеседі. Яғни Ethereum ұзақ мерзімді перспективада тезірек және арзанырақ болады.
5. 2-деңгей шешімдері және PeerDAS
Arbitrum және Optimism сияқты Ethereum 2-деңгей (L2) шешімдері негізгі Ethereum желісінен тыс көптеген операцияны өңдеуге арналған. Бұл кептелістерді азайтуға көмектесіп, транзакция шығындарын (газ алымдарын) төмендетеді.
Pectra осы L2 желілері үшін деректерді өңдеуді жеңілдететін Тең деректердің қолжетімділігін қамтамасыз ету (PeerDAS) технологиясын енгізу арқылы L2 шешімдерін жақсартады. Негізінде PeerDAS жүйесі 2-деңгейді арзанырақ және жылдамырақ етуге көмектеседі, бұл – Ethereum негізіндегі қолданбаларды пайдаланатын немесе көптеген операция жасайтын кез келген адам үшін тамаша жаңалық.
Неліктен Pectra жаңартуы екі бөлімге бөлінді?
Ethereum Pectra жаңартуы бастапқыда бірден болуы керек еді, бірақ Ethereum әзірлеушілері бәрін бір уақытта жүзеге асырудың тым күрделі әрі қауіпті болатынын түсінді. Оның орнына олар жаңартуды екі бөлімге бөлу туралы шешім қабылдады.
Бірінші бөлім (2025 жылдың басы): бірінші кезең шотты абстракциялау және валидатор жаңартулары сияқты жедел жақсартуларға бағытталған. Бұл өзгерістер Ethereum платформасын оны қолданушыларға ыңғайлы етеді және стейкинг сыйақыларын жақсартады.
Екінші бөлім (2026 жылға жоспарланған): екінші бөлім смарт келісімшарттарды тиімдірек ететін EVM нысандар пішімі (EOF) және 2-деңгейдің ауқымдылығын күшейтетін PeerDAS сияқты қосымша техникалық жақсарту әкеледі.
Ethereum Pectra жаңартуы сізге қалай әсер етеді?
Тұрақты пайдаланушылар: ең үлкен артықшылықтардың бірі – газ алымдарын төлеу үшін бұдан былай ETH иелік етудің қажеті жоқ. Ethereum DApp қолданбаларымен және қызметтерімен өзара әрекеттесуді жеңілдететін алымдарды жабу үшін басқа токендерді пайдалана аласыз. Сонымен қатар валидаторлар жұмысындағы жақсартулар желіні жылдамырақ әрі қауіпсіз етуі тиіс.
Валидаторлар мен стейкерлер: ETH бәске тігетін немесе валидаторды басқаратын адам болсаңыз, жаңарту ETH криптовалютасының үлкен сомаларын тиімдірек басқаруға мүмкіндік береді. 32 ETH сомасынан асатын кез келген сыйақы аласыз, бұрын бұл мүмкін емес еді. Сонымен қатар валидатор консолидациясы стейкинг операцияларын басқаруды жеңілдетіп, Ethereum желісіндегі жүктемені азайтады.
Әзірлеушілер: Pectra смарт келісімшарттарды басқаратын Ethereum виртуалды машинасы (EVM) ортасын жақсартады. Бұл өзгерістер келісімшарттарды тезірек әрі арзанырақ жазып, орналастыруға мүмкіндік береді, бұл – орталықтандырылмаған қолданбаларды құрастыратын әзірлеушілер үшін өте ыңғайлы.
Ethereum Pectra ұзақ мерзімді артықшылықтары
Кейбір жақсартулар бірден байқалатын болса, Pectra жаңартуы Ethereum платформасының ұзақ мерзімді дамуына жағдай жасауға бағытталған. Желіні барынша ауқымды және тиімді ету арқылы Pectra жаңартуы Ethereum криптовалютасын болашаққа дайындауға көмектеседі, сол кезде оны одан да көп адам мен кәсіпорын пайдаланады.
Verkle ағаштарын енгізу және 2-деңгейлі шешімдерді жақсарту Ethereum желісінің аз шығынмен көп операция өңдей алатынын білдіреді. Желі әлі де дамып жатқандықтан, бұл өте маңызды.
Қорытынды ойлар
Ethereum Pectra жаңартуы Ethereum платформасын жылдамырақ, арзанырақ ететін әрі пайдалануды жеңілдетуге бағытталған үлкен қадам болып табылады. Жаңартуды екі бөлімге бөлу арқылы әзірлеушілер желіге шамадан тыс жүктеме түсірместен әр фазаның маңызды жақсартуларын орындайды. Сіз күнделікті пайдаланушы, валидатор немесе әзірлеуші болғаныңызға қарамастан, Pectra жаңартуы Ethereum платформасымен тәжірибеңізді жақсартатын жаңа мүмкіндіктерді енгізуге арналған.
Қосымша оқитын материалдар
Жауапкершіліктен бас тарту: Бұл мазмұн сізге «өзгеріссіз» тек жалпы ақпарат және ақпараттандыру мақсатында қандай да бір мәлімдемесіз немесе кепілдіксіз ұсынылады. Ол қаржылық кеңес ретінде түсінілмеуі керек және қандай да бір нақты өнімді немесе қызметті сатып алуды ұсынуға арналмаған. Сізге тиісті кәсіби кеңесшілерден кеңес алу керек. Егер мақаланы үшінші тарап авторы жазған болса, айтылған пікірлер үшінші тарап авторының пікірлері екенін және Binance Academy көзқарасын көрсетпейтінін ескеріңіз. Қосымша мәліметтер алу үшін осы жерден толық бас тарту туралы мәлімдемемізді оқыңыз. Сандық активтердің бағасы құбылмалы болуы мүмкін. Инвестицияңыздың құны төмендеуі немесе жоғарылауы және инвестицияланған соманы қайтара алмауыңыз мүмкін. Инвестициялық шешімдеріңізге тек сіз жауаптысыз және Binance Academy сізде туындауы мүмкін шығындарға жауапты емес. Бұл материал қаржылық, заңдық немесе басқа да кәсіби кеңес ретінде қабылданбауы керек. Қосымша ақпарат алу үшін Пайдалану шарттарын және Тәуекел туралы ескертуді қараңыз.