TL; DR
Блокчейн оракулдарын блокчейндерді нақты әлемдегі деректермен байланыстыратын аралық бөліктерге ұқсатуға болады. Binance Oracle мұны сенімді және расталған дереккөздер арқылы смарт келісімшарттарды жалғай отырып жасайды. Бастапқыда BNB Chain үшін әзірленген, алайда болашақта басқа тізбектерге таралу мүмкіндігі бар. Қазіргі уақытта бұл қызметті BNB Chain негізіндегі әрбір жобаға пайдалануға болады. Binance Oracle көмегімен әзірлеушілер бұдан былай деректер мәселелері туралы алаңдамай, блокчейн жобаларының басқа да маңызды аспектілеріне назар аудара алады.
Кіріспе
Блокчейн оракулдары – блокчейн экожүйесінің маңызды элементі. Оларсыз смарт келісімшарттардың нақты дүние деректерін алуға мүмкіндігі болмайды. Binance Oracle – смарт келісімшарттардың блокчейн қолданбалары талап ететін нақты әлемдегі дереккөздерге кіруіне мүмкіндік беретін блокчейн оракулы. Ол смарт келісімшарттардың қажетті уақытта дұрыс деректерге ие болуын қамтамасыз етеді.
Блокчейн оракулы дегеніміз не?
Блокчейн оракулдары – блокчейндер мен нақты әлем арасында көпір ретінде жұмыс істейтін, смарт келісімшарттарға өздерінің жергілікті желілерінен тыс дереккөздерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін қызметтер. Басқаша айтқанда, олар ончейн қолданбалар мен офчейн деректер арасындағы байланыстырушы буын қызметін атқарады.
Осылайша офчейн оқиғалар смарт келісімшарттармен танылған ончейн оқиғаларға түрленуі мүмкін. Бұл ақпарат токен немесе акция бағасынан бастап, футбол ойынының нәтижелеріне немесе ауа райы болжамына дейінгі кез келген нәрсеге қатысты болуы мүмкін.
Блокчейн оракулдары дереккөздің өзі болмаса да, деректердің дәлдігін тексере алады. Бұл ретте олар ақпарат жинап, түпнұсқалығын растайтын және оны дұрыс тағайындалған жерге жіберетін қосымша қабатқа ұқсайды.
Блокчейн оракулдары блокчейндерді келісімдерде пайдалануға мүмкіндік береді. Мысалы, сіз бен досыңыз футбол ойынына бәс тіккіңіз келеді: алдымен екеуіңіз шарттарды келісіп, қаражатты смарт келісімшартта бекітесіз. Екіншіден, блокчейн оракулы смарт келісімшартқа ойын нәтижесі туралы хабарлайды. Ақырында, ойын аяқталғаннан кейін смарт келісімшарт бәс жеңімпазына қаражат береді.
Блокчейн оракулдарының бірнеше түрі бар және бір оракул бірнеше санатқа қатысты болуы мүмкін: бағдарламалық құрал, орталықтандырылған, орталықтандырылмаған, кіріс және шығыс оракулдар. Негізінде блокчейн оракулы оның әзірленген мақсатына байланысты жұмыс істейді.
Binance Oracle дегеніміз не?
Смарт келісімшарт сыртқы деректермен көмексіз әрекеттесе алмайды. Сондықтан ол қажетті ақпаратты беретін оракулға сүйенеді. Binance Oracle осы жағынан басқа блокчейн оракулдарына ұқсас, яғни бұл блокчейнге сенімді және қауіпсіз ончейн деректер ұсынатын Binance деректер қызметі.
Binance Oracle қазіргі уақытта BNB Chain үшін арнайы жасалғанымен, болашақта басқа тізбектерге де таралуы мүмкін. Сонымен қатар BNB Chain желісіне ендірілген барлық жобалар оның қызметтерін пайдалана алады.
Binance Oracle қызметі BNB Chain экожүйесіне көптеген артықшылық береді. Біріншіден, жергілікті блокчейн оракулына ие болу блокчейн деректерінің сенімділігін арттырады. Екіншіден, барынша сенімді деректер ағымдағы және жаңа жобалар үшін жаңа мүмкіндіктер ұсынады.
Ең соңғысы, Binance Oracle қызметі BNB Chain экожүйесіне жаңа әзірлеушілер тарта алады. Ол кез келген әзірлеушіге өзінің BNB Chain негізіндегі жобаларын офчейн деректерге қосуға мүмкіндік береді, осылайша оларға бұрыннан бар деректерді сақтау, жаңа көздер табу және сенімсіз көздерді пайдалану арқылы тәуекелге бару қажет болмайды.
Қандай шешімдер ұсынылады?
Блокчейн жобалары сенімді деректерге тәуелді. Binance Oracle төрт аспектіден тұрады, ол оракулдың дәл, уақытылы болуын және бұзудан қорғалуын қамтамасыз етеді. BNB Chain тізбегін нақты әлеммен байланыстыратын Binance Oracle мүмкіндіктеріне тереңірек үңілейік.
Дереккөздер
Binance Oracle мұқият таңдалған дереккөздерді пайдаланады. Бұл ақпараттың дәлдігін және дереккөзінің сенімділігін анықтауға көмектеседі. Мысалы, Binance Oracle баға деректерін бірнеше орталықтандырылған биржадан (CEX) және орталықтандырылмаған қаржы (DeFi) қолданбаларынан алады және деректерді орташа өлшенген формула арқылы біріктіреді.
Деректерді өңдеу және қол қою
Binance Oracle қызметінде деректерді өңдеу және қол қою мүмкіндігі бар, ол деректерді өзгертуден қорғайды. Ол Шектік қол қою схемасы деп аталатын таратылған қолтаңба жүйесін құрды және әртүрлі көздерден алынған соңғы деректерге қол қояды. Жария кілті бар кез келген адам цифрлық қолтаңбаның дәлдігі мен түпнұсқалығын тексере алады және жеке кілттер жинағынсыз деректерді ешкім өзгерте алмайды.
Деректерді жариялау
Деректер блокчейнде тек қол қойылған ақпаратты жариялайтын мультинодтар арқылы жарияланады. Деректерді сақтайтын смарт келісімшарттар қауіпсіз және тексерілген, ал мультинодтар әртүрлі нарық жағдайларына сәйкес деректерді жариялау жиілігін реттей алады. Яғни бағаның жоғары құбылмалылығы кезінде нақты деректер алуға болады. Себебі мультинодтар тіпті ең төтенше сценарийлерде де деректерді жариялау сенімділігін қамтамасыз етеді.
Деректерді бақылау
Binance Oracle қызметіндегі деректер тәулігіне 24 сағат, аптасына жеті күн жұмыс істейтін тәуелсіз бақылау қызметі арқылы жаңартылып отырады. Ол бағаларды әртүрлі дереккөздерден алып, жарияланған блокчейн деректерімен салыстырады. Binance Oracle қолдау тобы едәуір ауытқу анықталған жағдайда іске араласады.
Binance Oracle қызметін пайдалану жолы
Блокчейн қолданбаларын пайдаланған болсаңыз, Binance Oracle қызметін қолдану қиындық тудырмайды. Әзірлеушілер қолданбаларды нақты деректерге қосып қойған. Егер сіз Binance Oracle қолданбасын пайдалануды қажет ететін блокчейн әзірлеушісі болсаңыз, ресми нұсқаулықта қадамдық нұсқаулар берілген.
Қорытынды ойлар
Оракулдар блокчейндердің әлеуеті мен жаппай қабылдау мүмкіндігін кеңейтеді, өйткені олардың ақпараты ішкі деректерімен шектелер еді. Блокчейн оракулдары деректердің қолжетімділігі мәселесін шешпесе де, сыртқы көздер арқылы офчейн деректерді қолжетімді ете алады.
Binance Oracle жүйесі смарт келісімшарттарға оның желісінен тыс барлық расталған деректерге қосылуға мүмкіндік береді. Ол деректердің дұрыс, қауіпсіз және өзекті болуын қамтамасыз етеді. Binance Oracle жүйесі деректердің сенімді болуын қамтамасыз етіп, ықтимал мәселелерді үнемі бақылауда ұстау үшін төрт шешім әзірлеген.